22 Мамыр, 2018

Алматының алмасы. Шырын қайда?..

1223 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Алматы жұрты күнде жауған жауын­мен, түнде ұрған суықпен жағаласып жүріп Алатаудың бөктеріндегі биылғы алма бақ гүл шашқан көркем шақтан көз жазып қалған сыңайлы. Содан ба екен, біреу «Биыл алма гүлдеді ме?» десе, біреу «Биыл өзі алма бола ма?» дейді қамығып. 

Алматының алмасы. Шырын қайда?..

«Алма бола ма?» дегені ана бір жылғы «Алматының алмасы бітті, апорт құрыды, алма тапшылығына ұрындық» деген дабырадан қалған әрі жай айтыла салған сөз! Әйтпесе Алматы мен алматылықтардың алмадан қысы-жазы таршылық көрген жері жоқ. Бірақ ол алма Алматының сол баяғы алмасындай ма, апорты сол баяғы апортындай ма, гәп сонда!?

Алып шаһардың базарынан да, дүкенінен де жыл-он екі ай бойы алма үзілген емес. Иіске тапшы, түрлері сәл-пәл солғындау көрінгенмен баршаға жете таныс, кәдімгі өзіміздің қазақстандық Алматы апорты (409 тг), «Рахат» алмасы (435 тг), Талғардың «алтыннан асқан» алмасы (409 тг), «америкалық» алма (409 тг), стайморед (329 тг) қашан көрсең де сөрелерде сықасып тұрады. Ең қызығы бұл жемістің жылдың қай мезгілінде пісіп, қай мезгілінде сабағынан үзіліп түсіп жатқанын көпшілік біле бермейді, білуге бейілді емес. Осы арада алма әлемінде Қазақ өсімдікті қорғау мен карантиндеу ғылыми-зерттеу институтының қол қусырып қарап отырмағанын сезе қоясың. Жоғарыда аттары аталған түбірімен жаңарған алмаларды ғылыми еңбектердің жемісі деуге толық негіз бар. Қарапайым бір мысал, кеңестік заманда жеміс талшығындағы ауру-сырқауды анықтау үшін көшеттердің орнын ауыстырып жасалатын тәжірибе бірнеше жылға созылатын. Қазір ҒЗИ лабораториялары аккредиттелген, осы заманға сай ең озық технологиямен бірнеше күнде-ақ диагностика жасайды. Ғалымдар үшін қазақ алмаларының бактерия штаммдарының генетикасын зерттеу де қиындық туғызбайды. Жо­ғарыдағыдай жаңаша түрленген өз алмаларымыз аста-төк боп тұрғанда Қытайдың, Германияның, Польшаның алмасын біз неғылайық? Польша демекші, бірде Еу­ропа аграрлық орталығында кеңесші қызметін атқаратын поляк ғалымы Клак Войцехтің Алматы алмасының шырыны туралы айтып, аузының суы құрығанына куә болдық. Ол Алматы алма­ларының құрамында қант кәдуілгі әлем­дік алмалармен салыстырғанда 20 пайыз көп дейді. Біздің алмаға неге сонша құрт түсуге құмар десек?! Шыбын-шіркей, құ­мырсқа мен құс атаулыға дейін жаздың күні езіліп піскен тәтті алмаға үйірсектеп қалатыны бар. Алматы алмасының жай­қалып, сырбазданып, айналаға жұпар иісін аңқыта шашып өсетіні сол шырын-қанттың қуаты. Генетикалық ота жасау арқылы алма құрамындағы әлгі қанттың белгілі бір мөлшерін сылып тастасаңыз, сырбаз алманың сабағы иіліп жерге тигенше жеміс салады, сала береді...

Бірақ бұрынғы тіл үйірер дәміне кепілдік жоқ, алмаға құрт пен құмырсқа жоламайды, құс екеш құс та бұл алманы айналып ұшады. Статистика орта есеппен әр адам бір жылда 15 кило алма жейді дейді. Бұл мөлшердің Қазақстанның алмалы ауданы саналатын Алатауды сағалаған – Үржар мен Алматы, Тараз бен Түлкібас, Шымкент пен Төлеби белдеуінде жайласқан халыққа қатысы жоқ шығар, сірә! Әсіресе түрлі-түрлі алмасы шөптен көп өсетін Түлкібасқа!.. Нанша тұтынатын бұл белдеудегі алманың тәттілігін айтсайшы. Ол шырын қашанға дейін сақталар екен?! Жаһандық дауылға төтеп бере аламыз ба? Халқының саны 40 миллион Польшада жиын-терін кезінде әр адам басына шаққанда 100 килодан алма жиналады екен. Дәмсіз алманы олар жемейді, сыртқы саудаға шығарады. Алматылықтар боса да ондай алманы қазір менсінбейді. Қазақтардың бүгінгі ғылым қуған екпінімен таяуда Польша көрсеткішіне қол жеткізеріне еш күмән жоқ. Демек...

Әлі есімде... Алтайдан келген туысымыз кешқұрым әкемнің сиыры мен танасына алма турап беріп отырғанын көріп, көзі алақандай болды. «Ата, мұныңыз не?» «Е, бұл қарасан келгірлер осылай балталап, шауып бермесең, ашқарақ сорлы ғой, тілімен орап жеймін деп түйіліп қалады!» Үлкен кеседей қызыл алманы қара сиырға қимай тұрған туысымызға бақшадағы алмасы есепсіз төгіліп-шашылып жатқан бағбан-әкемнің қайтарған жауабы күні ертең көне тарихтағы жәдігердей болып қалады деп кім ойлаған?!

Ғалымдар қанша тер төксе де Алматының «мінезді» апорты Ұлыбритания мен АҚШ, Ресей мен Польша аумағын жерсінбеді. Солайы солай-ау, бірақ шырынсыз сол ал­маның сөреде сүмірейіп тұрғандай бү­гінгі ұсқынсыз кейпі кейде жаныңа батады. Амал нешік, заман көшінен қала алмаймыз...

Талғат СҮЙІНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда МӘМС жүйесі өзгереді

Денсаулық • 05 Мамыр, 2024

Төтеншеліктерге тарту

Аймақтар • 04 Мамыр, 2024